«Ауыл» партиясының саяси кеңес президиумы Жигули Дайрабаевты төрағаның орынбасары қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады. Президиум отырысы 27 ақпанда өтті. Кеңес мүшелері бұл шешімді бірауыздан қолдады.
Жигули Дайрабаев – ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымдағы депутаты. 2022 жылы кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде қатысқан.
2023 жылы Тараз соты оның ұлдары Дидар Молдақалық пен Марат Дайрабаевты мемлекеттік субсидияларды жымқырды деп танып, әрқайсысын бес жылға шартты түрде соттады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2023 жылдың мамыр айында Жамбыл облысының 60 жастағы тұрғыны Василий Ковешников өзін Жигули Дайрабаевтың ұлдары мәжбүрлі еңбекке тартқанын мәлімдеген.
