Фото: 7Достар, бүгін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін тыңдап, ең маңыздысын өз сөзімізбен қысқа әрі нақты айтып береміз.
🌾 Егін мен нәтиже
Ауа райы қолайсыз болса да, 24,5 млн тонна дақыл жиналды. Жеті жылда азық-түлік өндірісі 28%-ға өсті, агроөнім экспорты екі есе артып, 7 млрд долларға жуықтады. Экспорттың 52%-ы - өңделген өнім.
🏗 «Халықтық құрылыс»
Бүкіл елде аурухана, мектеп, балабақша, жол, электр станциялары, дата-орталықтар салынады. Ауылға да үлес тиеді: ең алдымен ірі шаруашылықтар орналасқан аудандарда инженерлік желілер жаңарып, кіреберіс жолдар салынады. Ұраны: «Құрылыс және тағы да құрылыс!»
📋 Бағдарламаларға тексеріс
«Ауыл аманаты», «Ауыл - ел бесігі», «Кең дала», «Береке» секілді аттары бөлек, заттары бірдей бағдарлама тым көп. Үкімет бәрін талдайды. «Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек». Есептегі цифрлар да тексеріледі: бұрын «керемет, тіпті мінсіз» ақпаратты көп тыңдадық. «Ауыл аманатына» 150 млрд теңге бөлініп, 22 мың жұмыс орны ашылды. Президенттің сұрағы: сол орындар сақталды ма?
💳 Шаруаларға қаржы
- 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесі ұсынылады. Қазір өтінім ұзақ қаралады, рәсімі қиын.
- Банктер ұзақ мерзімді кредит беруі керек: өтеу кестесі өндіріс цикліне сай болып, негізгі қарыз кейінге шегерілуі тиіс. Шаруа алғашқы төлем үшін егінін арзанға сатуға мәжбүр болмауы керек.
- Кредитті өтеу қабілетін цифрлық модель бағалайды.
- Шаруаларға да ескерту: мемлекет салаға орасан зор қаржы құйып отыр. «Мұнда масылдыққа орын жоқ».
🤖 Жасанды интеллект
Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі туралы болжам мәз емес. Қазақстан үшін бұл - мүмкіндік: ЖИ енгізіп, алға озып, әлемдік ауқымдағы азық-түлік қорын қалыптастыру. «Осы істі неге қолға алмасқа?» Ал саланың өнімділігі әзірге ойдағыдай емес, мұны Президент ашық мойындады.
🛡 Сақтандыру
Қуаңшылық, үсік, мал ауруы жылдар бойғы еңбекті желге ұшыруы мүмкін. Шығынды үнемі бюджеттен өтеу мәселені шешпейді. Шаруаларды алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар болады.
🐄 Мал шаруашылығы
Былтырдан бері 71 сүт фермасы мен 33 бордақылау алаңы ашылды. Енді жем-шөп, өнім өткізу, жайылым және су мәселесін шешу керек. Қазақстан ящурдан (аусылдан) таза ел деп танылды, бұл ет экспортына жол ашады.
🌱 Егін шаруашылығы
Бидайға тәуелділік азайып, пайдасы жоғары дақылдар көбейеді. Тыңайтқыш қолдану ғылыми норманың 65%-ына жетті (бірнеше жыл бұрын 20% еді). Бірақ тыңайтқыштың жартысына жуығы шеттен келеді. Сондықтан Түркістан облысында фосфор тыңайтқышы зауыты салынып жатыр, Маңғыстауда аммиак-карбамид кешені жоспарланған.
💧 Су
Су үнемдеу технологиясы 700 мың гектарда қолданылады, 2030 жылға дейін 1,3 млн гектарға жеткізу керек. 4,6 мың шақырым суару арнасын жөндеу басталды. «Жер қателікті көтермейді».
🏙 Жерден алыс кәсіпкерлер
Жерден пайда тауып, өзі үлкен қалада немесе шетелде тұратын, шаруашылығына тіпті бармайтын бизнесмендер бар. Жер қадірін білмейтін, халықтан алыс адамдар қажет пе? Президенттің жауабы: «Қажет емес». Шаралар заң жүзінде қабылданады.
🌡 Климат
Сарапшылар 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін дейді: қуаңшылық, өрт, су тасқыны қаупі бар. Президенттің бағасы: мәселені қолға алып жатырмыз, бірақ жүрісіміз баяу.
🏭 Өңдеу
Үш жылда азық-түлік өндірісі 15%-ға жуық, өсімдік майы 36%-ға, ет-сүт өнімдері 25%-ға өсті. Қолдаудың бірыңғай тәртібі әзірленеді, мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілерге тең жағдай жасалады. Қағазбастылық әлі де бар.
⚖️ Заң мен Тәртіп
«Ешкім де заңнан биік емес». Награда да, тәжірибе де заң бұзғанды ақтамайды. «Халықтық құрылысты» арнайы комиссия қадағалайды. Бизнеске заңсыз кедергі жасау - мемлекетке қарсы қылмыс. Инвесторларды қолдау саясаты өзгермейді.
«Біз табыс пен игілікке жеке адамдар емес, институттар кепілдік беретін мемлекет құрып жатырмыз».
#Почитать 📸Акорда







